Елден кеткендердің есебі анықталды

Осы жылдың қаңтар-маусым айларында 15 жастан асқан 8,4 мың адам елден кетті. Бұл туралы finprom.kz хабарлады.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есе аз. Оның 459-ы – зейнеткерлер, 7,9 мыңы – еңбекке жарамды адамдар.
Ал шетелден келгендер саны – 5,8 мың. Өткен жылмен салыстырсақ 19,9%-ға көп. Олардың 656-ы – зейнеткерлер, 5,2 мыңы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар.
Ел ішіндегі 15 жастан жоғары иммигранттар саны 252,6 мың адам, былтырғыдан 29%-ға төмен болса, оның 104,8 мыңы аймақтар арасында, 147,8 мыңы өңір ішінде тұрғылықты жерін ауыстырған. Алты айда 20,4 мың зейнеткер мен 232,2 мың еңбекке қабілетті адам ел ішіне қоныс аударған.
Шетелге кеткендердің басым бөлігі техникалық маман иелері – 1,8 мың адам. Өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есе аз. Сондай-ақ, 990 экономист пен 539 педагог шетел асып кеткен.
Ал Қазақстанға келген техникалық мамандар саны – 485 адам. Өткен жылғыдан 0,2%-ға төмен. Елге келгендер арасында 228 адам экономикалық және 220 адам педагогикалық дипломның иегерлері.
Биылғы 1 тамызда 16,8 мың шетел азаматына Қазақстанда жұмыс істеуіне заңды рұқсат берілген. Бұл бір ай бұрынғыдан 3,8%-ға аз. 1 қазандағы дерек бойынша, еңбек мигранттарының ресми саны 16,1 мыңға жетті.