Жыл сайын 21 мыңға жуық түлек ЖОО-ға түсе алмайды
Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында кеңес мүшесі Ләззат Қожахметова ауыл мектептері түлектеріне оқуға түсу кезіндегі квотаны 50 пайызға жеткізуді сұрады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Ауыл мектептері түлектеріне оқуға түсу квотасын 50 пайызға жеткізу ұсынылды.
– Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі жоғары оқу орнына түсе алмайды екен. Оның басым бөлігі ауылдан шыққандар, яғни ауылдағы білім мен қаладағы білім тең емес. Бірақ университетке түсетін кезде ауыл мен қала оқушысына талап бірдей қойылады. Осыған байланысты қазір ауылдан шыққан түлектер университетке түсетін болса, 30 пайыз квота қарастырылған. Біз өз тарапымыздан ауылдық түлектерге арналған квотаны 50 пайызға дейін арттыруды сұраймыз, – деді Қожахметова.