Бүгінге дейін 66 адам өз ағзасын беруге келіскен
Электронды үкімет порталында қайтыс болғаннан кейін адамның мүшелерін алуға келісім беру немесе бас тарту бойынша онлайн қызмет іске қосылды. qazaqstan.tv-дің мәліметінше, бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сенатта өтіп жатқан үкімет сағатында хабарлады.
Бүгінде Денсаулық сақтау кодексі бойынша әрбір адам өз ағзаларын беруге немесе одан бас тартуға өтініш бере алады. Осы уақытқа дейін ондай өтініштер қағаз жүзінде беріліп келген.
– Кодекс күшіне енген күннен бастап қағаз жүзінде 300 адам өз ағзаларын беруден бас тартса, 6 адам келісім берді. Бүгінде осы қызметтің электронды нұсқасы іске қосылып отыр. Электронды үкімет порталында арнайы бөлім бар. Электронды өтініш берген адамдардың саны қағазбен жазғандармен салыстырғанда екі есеге артты. Электронды қызмет бір күн бұрын ғана енгізіліп, сол күннің ішінде 500-ге жуық өтініш түсті. 60 адам өз келісімін берсе, 400 адам ағзасын беруден бас тартты, – деп атап көрсетті Мусин.
Электронды қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталында «Денсаулық сақтау» бөлімінде авторизация жасау қажет. Осыдан кейін «Транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін тіндерді және ағзаларды алуға көзі тірісінде өз еркімен келісуді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу» қызметін таңдау керек.
Бұдан әрі қолданушы өтініш түрін таңдайды: «Келісімді қайтарып алуды тіркеу» немесе «Келісімді тіркеу».
Келісім берген жағдайда, қолданушыға қандай органдарын алуға болатынын көрсету мүмкіндігі беріледі.
Айта кетейік, биыл жазда президент «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске қол қойған еді. Оған сәйкес, енді қайтыс болған адам көзі тірісінде донор болуға келісетінін немесе келіспейтінін білдірмесе, онда оның органын алу үшін жұбайының немесе жақын туыстарының жазбаша рұқсаты қажет.
Бұдан бөлек, Қазақстан аумағынан адам ағзалары мен тіндері тек шетелде ем алып жатқан Қазақстан азаматына медициналық көмек көрсету үшін ғана шығарылады.