550 мың отбасы қаржылай көмек алған
Пандемия кезінде 550 мыңнан астам отбасыға қаржылай көмек көрсетілген. Бақ.кз-тің хабарлауынша, бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова мәлімдеді.
Агенттік төрағасы «Орталық Азиядағы тұрақты даму мақсаттары және COVID-19 сын-қатерлері» атты халықаралық онлайн-конференцияның «Мемлекеттік басқару және қазіргі уақыттағы сенім» тақырыбындағы панельдік сессиясында сөз сөйлеп, пандемия кезінде мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі үшін ұйымдастырылған іс-шаралар туралы айтты.
– Біз көптеген басқа ел сияқты жинақталған тәжірибені ескере отырып, өз жұмысымызды бір жүйеге қойып, қайта құра алдық. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және тұрғындарды қолдау бойынша бірқатар шара қабылданды. Бұл бағытқа 450 млрд. тенге бөлінді. Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша «Біргеміз» қорының біржолғы қаржылай қолдауымен 550 мыңнан астам отбасыға қолдау көрсетілді, – деді Анар Жаилғанова.