Жайыққа құлаған бала құтқарылды

Атыраулық азамат Жайық өзеніне құлаған 7 жасар баланы құтқарды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, бұл оқыс оқиға 6 қазан күні болған. «Сұлтан Бейбарыс» көпірінің астында қараусыз жүрген 7 жасар бала Жайық өзеніне құлаған.

Департаменттің диспетчерлік пультіне сағат сағат 12:02-де баланың суға құлап кеткені туралы хабар түскен. Оқиға орнына жедел құтқару жасағының құтқарушылары жеткен кезде жергілікті азамат Асанәлі Тасқалиевтың баланы құтқарып, ауруханаға алып кеткені анықталды. Бұл азамат немересімен Жайық жағасында келе жатқанда қарсы жолыққан екі бала досының суға құлағанын айтып, көмек сұраған. Ол судағы баланы балық аулаушылардың қармағымен іліп, жағаға алып шыққан. Суға тұншыққан балаға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Асанәлі Тасқалиевтың айтуынша, ол баланы аман алып қалу үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған.

– Баланың пульсі бар екенін байқадым. Дереу алғашқы көмек көрсетіп, ауыз қуысын тазаладым. Бір кезде бала жылай бастады. Қасымдағы жолдас жігітпен бірге такси тоқтатып, жақын жердегі №5 қалалық емханаға жеткіздік, – дейді ол.
Қазір құтқарылған бала облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оған «мидың ісінуі» диагнозын қойған.
Департаменттің мәліметіне сүйенсек, балалардың Жайық өзенінің жағасында ойнауы азаймай отыр. Биылғы жыл басынан бері 27 адам суға кеткен. Оның ішінде 4 бала бар.