Көлік апатынан қаза тапқандар туралы мәліметтер жарияланды
Атырау облысында 9 адам қаза тапқан жол-көлік апатына қатысты жаңа мәліметтер пайда болды.
4 қазан күні Атырау облысындағы Атырау – Ақтөбе тасжолында екі көлік соқтығысып, салдарынан екі көліктің жүргізушісі, жолаушылары – барлығы 9 адам түгелдей көз жұмған еді. ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиға бойынша тергеу басталғанын айтты.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Renault Duster» көлігінде Мақат ауданының тұрғындары болған. Көлікті 57 жастағы жүргізуші басқарған. Салонда 55 жастағы әйелі мен 15 жастағы ұлы, сондай-ақ, 36 жастағы туысы болған. Ал «Geely» көлігінің жүргізушісі Атырау қаласына іргелес орналасқан Томарлы ауылының 36 жастағы тұрғыны екені анықталды. Көлікте Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылынан 67 жастағы әйел мен Атырау қаласының үш тұрғыны отырған. Олар – 63 жастағы ер адам мен 63 және 38 жастағы әйелдер. Барлығы – туысқандар.
Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен «Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан, көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынща қылмыстық іс қозғалған.