Университет алдына мұнай сорғысы қойылды

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті алдына қойылған мұнай сорғысының саланатты ашылуына қатысты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Мұнай өндірудің символы мұнай сорғысы ұзақ жылдар бойы отандық мұнай-газ саласындағы іргелі кендердің бірі «Ембімұнайгаз» АҚ-да пайдаланылып келген. Енді салалық университет алдына сивмол ретінде орнатылды.

Жиында сөз алған аймақ басшысы аталған оқу орынның атқарып жатқан жұмыстарына оң баға беріп, қазіргі уақытта оқу орнына жаңаша талап қойылып отырғанын атап өтті.

– 60 жылдық тарихы бар Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті қазірге дейін өнеркәсіптік салаға қажетті мыңдаған маман даярлады. Бүгінде еліміздегі мұнай-газ саласына қажетті кадрлар әзірлейтін мамандандырылған жоғары оқу орнына жаңаша талап қойылып отыр. Нақтырақ айтқанда, мұнай-газ саласына келіп жатқан жаңа технологиялардың тілін білетін, жаңаша ойлайтын, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау міндеті тұр, – деді аймақ басшысы.

Бұл мұнай сорғысы арқылы 1992 жылдан бастап шамамен 60 859,5 тонна мұнай өндірілген.

Сонымен қатар, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің негізін қалаған алғашқы ректоры Төлеуіш Серіковтің «Заңғар» атты кітабының тұсаукесер рәсімі де өтті. Кітапқа Төлеуіш Серіковтің өмірінде сыйлас болған, жол сілтеген аға буын өкілдері, қатарлас замандастары, шәкірттерінің естелігі мен фотосуреттері енген. Өз кезегінде, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Төлеуіш Серіковтің өнегелі өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі екенін атап өтті.