Облыста 667 үкіметтік емес ұйым тіркелген
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аймақтағы өзекті мәселелерді анықтау, талқылау, шешу жолдарын қарастыруға арналған шараға 50-ге жуық үкіметтік емес ұйым өкілдері мен облыстық әкімдік басқарма басшылары қатысты. Фасилитация форматында өткен шара үш сессиядан құралды.
Топ-топқа бөлінген қатысушылар облыстың дамуына үлес қосып, түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған үздік жобаларын облыс әкімінің назарына ұсынды. Жобаларды оң бағалаған аймақ басшысы олардың жүзеге асуын қамтамасыз етуді тиісті органдарға тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова биыл жергілікті бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 14 бағыт бойынша 734 452 880 теңге қаржы бөлінгеніне тоқталды. Соның негізінде білім беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру, спорт, азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаны қорғау мен жастар саясаты сияқты салаларда іргелі жұмыстар жасалған.
Бүгінде Атырау облысында 667 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 543-і – Атырау қаласында, ал 124-і аудандарда жұмыс істейді.