Сайлауалды пікірсайыс басталды
Праймериздің жария пікірсайысы басталды. Алғашқысы Атырау мұнай өңдеу зауытының қолдауымен аталған мекеменің ғимаратында өтті. Бірінші кезеңде алты кандидат депутат бола қалса жүзеге асыратын өз бастамалары мен бағдарламаларын 5 минут таныстырды. Бұл туралы caspianlife.kz сайты хабарлады.
Үміткерлер жастардың білімін дамыту мен жұмыспен қамтылу мәселесі, экологиялық проблемалар мен жемқорлықпен күрес сынды бағдарламаларын ұсынды. Сондай-ақ, кандидаттар кей халық қалаулыларының әрекетін қайталамайтынын, жаңа серпін әкелетінін де айтып қалып жатты.
Сұрақ-жауап айдарында біраз үміткердің бір-біріне бәсекелес екендігіне күмән туғаны жасырын емес. Өйткені, кейбірі сұраққа алдын ала дайындалып келгендей, алдындағы парағына көз жүгіртушілер болды. Арасында қандай сауал қою керектігін сұрап алып та жатты…
— Бұл жерде ешбір кандидатқа да шектеу қойылған жоқ. Әркім өзінің қабілетіне қарай, қоғамдағы болып жатқан үрдіске, әсіресе халықтың, азаматтардың әл-ауқатын, жағдайын арттыратын пайымды, тұжырымды, нақты бағдарламалармен шығып жатыр деп есептеймін, — деді Атырау облыстық «Нұр Отан» партиясы АОФ төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев.
Праймеризге облыс бойынша 404 кандидат қатысып жатыр. Үміткерлер 70 пікірсайыс өткізеді. Ол үшін дайындалған 39 орынның 23-і – қалада.