Облыс әкімі қатаң тәртіпті қадағалап қайтты
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қаладағы карантиндік талаптардың сақталуын қарап шыққаны туралы Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабар таратты.
Облыстық бас санитардың қаулысына сай, Атырауда карантиннің мезгілі 1-мамырға дейін ұзартылып, қала ішінде жеке автокөлікпен жүруге тыйым салынған еді.
Атырау облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Әлібек Қайыровтың айтуынша, рұқсатсыз жүретін көліктірдің саны едәуір азайған. Кеше бар-жоғы 12 құқықбұзушылық тіркелсе, бүгін бекітілген шектеулерді бұзғаны үшін 10 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, хаттама толтырылған. Қазір арнайы рұқсат етілген көліктер ғана жүріп жатыр.
Сондай-ақ, қала әкімі Қайрат Оразбаевтың айтуынша, қарттар мен мүгедектерге, жалғызбасты азаматтарға тамақ, дәрі-дәрмек жеткізіп беру мен қосымша қызмет көрсету жасалып жатыр. Мәселен, қалада карантин басталғалы демеушілермен бірлесіп, «BizBirgemiz» акциясы аясында 179 жалғызбасты зейнеткер мен мүгедектерге ыстық тамақ жеткізілген. I-II ші топтағы мүгедектігі бар балалар, жетім балалар, жалғыз басты зейнеткерлер және 109 сенім телефонына хабарласқан азаматтар азық-түлікпен және гигиеналық өнімдермен қамтамасыз етілген.
— Облыс халқының жартысынан астамы қаламызда тұрады әрі коронавирус инфекциясының басым көбі осында тіркелді. Сондықтан қаладағы тәртіптік ахуал қатаң сақталуы керек. Карантинді ұзарту біз үшін де оңай болмады. Ең басты мақсатымыз — халқымыздың қауіпсіздігі болғандықтан осындай шешім қабылдадық. Бізге тәртіп пен төзім керек. Сонда ғана қауіпті инфекцияны дер кезінде ауыздықтаймыз, — деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.