Мәмин: 2024 жылға қарай импорттық жеміс пен көкөніс өнімдеріне тәуелді болмаймыз
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мәминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында суарылатын жерлердің ирригациялық инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі қаралды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.
Геология, экология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстарының әкімдері Өмірзақ Шөкеев пен Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.
Қазақстанда 2020–2021 жылдары 6 785 км канал, 4 су қоймасы, 4 су торабы, 239 тік дренаж ұңғымасы және 23 мың өзге де су шаруашылығы құрылыстары қайта жаңартылады.
Ирригациялық инфрақұрылымды дамыту мен жаңғырту жобаларын іске асыру 2020–2021 жылдары Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында қосымша 500 мыңдай гектар суармалы жерді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұған шамамен 274 млрд теңге көзделген. 88 мың жұмыс орны құрылады, оған құрылыс және жөндеу жұмыстары кезіндегі 11 мың жұмыс орны және 77 мың тұрақты жұмыс орны кіреді.
Осы айналымға енгізілетін жерлердегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі жылына 165 млрд теңгені құрайды және сауда, өнімді өңдеу, мал шаруашылығы салаларында мультипликативтік әсер етеді.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында 2030 жылға қарай суармалы жерлердің көлемін 1,5 млн гектардан 3 млн га дейін біртіндеп ұлғайту қажеттілігін атап өтті, — деді А.Мәмин.
Премьер-Министр суармалы жерлердің инфрақұрылымын ауқымды түрде кеңейту агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға елеулі серпін беретінін, ол ел экономикасының құрылымында маңызды секторға айналуы тиіс екенін атап айтты.
– Қабылданатын шаралар 2024 жылға қарай жеміс-көкөніс өнімдері бойынша импортты жүз пайыз алмастыруға мүмкіндік жасайды, — деді Асқар Мәмин.
Үкімет басшысы экология, ауыл шаруашылығы министрліктеріне, әкімдіктерге ирригациялық инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту жобаларын іске асыруды тездетіп бастауды, сондай-ақ қаражаттың тиімді игерілуіне тиісінше бақылау жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше көңіл бөлінуі қажет.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, пайдалануға берілетін суармалы жерлерді барынша және сөзсіз игеру бойынша жұмыс жүргізсін. Өңірлер жер учаскелерін уақытында бөлу, фермерлік алқаптарға қажетті инфрақұрылымды жеткізу бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет, — деді премьер-министр А.Мәмин.