Талдыкөл ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен Махамбет ауданы Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл ауылында 25 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, бұл – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ашылатын 18 медициналық нысанның ең алғашқысы.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауылдық жердегі денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі бастамаларын сапалы әрі уақытылы іске асыруымыз керек. Бүгін сол ұлттық жобаның орындалысының куәсі болып, фельдшерлік акушерлік пункттің ашылу салтанатында тұрмыз. Атырау облысында «Ауылдық жердегі медицинаны жаңғырту» ұлттық жобасы аясында осында ФАП-тың 18-і салынып, жыл аяғына дейін үшеуі ашылады. Мұндай керекті құрал-жабдықтың бәрімен жарақталды. Нысан салғанмен, тұрғындарға қажетті ем-дом көрсететін ақ халатты абзал жандарды жұмысқа тарту өте маңызды. Ауылдық жерге жұмыс істеймін деген дәрігерлерге 5 млн теңге көлемінде бір реттік көтерме ақы бердік. Келер жылы бұл сумманы 10 млн теңгеге дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Сондықтан бұл жергілікті халыққа тиісті деңгейде медициналық көмек көрсетеді деп сенеміз, – деді Серік Шәпкенов.
Жалпы ауданы 266,35 шаршы метр ғимаратта акушер бөлмесі, фельдшер бөлмесі, егу бөлмесі, тексеру-рәсімдеу бөлмесі және процедуралық бөлме бар. ФАП-та халықтың мобильділігі төмен тобына жататын адамдарға да жағдай жасалған. Олар үшін ғимаратқа кіре берістегі пандус, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жуыну бөлмесі, жабдықтар арасындағы өткелдер мен дәліздер эргонометриялық параметрлері сызылған.
Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, ал бас мердігер – «ARSM» ЖШС.