Аймақ - 22.12.2023

«Қауіпсіз жаңа жыл» атты акция өткізілмек

Атырау облысында 11 жедел топ жаңажылдық іс-шаралар кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мақсатында жұмыс істеуде, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы азаматтық қорғау майоры Ғабит Бабаевтың сөзінше, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Қауіпсіз жаңа жыл» атты республикалық акциясы өткізілмек. Акция аясында бірқатар алдын алу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 116 ғимарат есепке алынған.

– Аталған ғимараттар арасында 65 білім беру, 2 денсаулық сақтау мекемесі, 15 мәдениет сарайы мен үйлері, 29 балабақша, 3 спорт және 2 қарттар үйі мекемелері бар. Ғимараттардың өртке қарсы жай-күйі тексеріліп, әкімшілік пен қызметкерлерге ұсыным хаттар таратылды. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, тұрақты мониторинг жұмыстары қамтамасыз етілді. Өрт болған жағдайда Департамент мерекелік іс-шараларға тартылған ғимараттардың өрт сөндіру карточкалары мен жедел жоспарларына түзету жұмыстарын жүргізетін болады, – деді Ғ.Бабаев.

Қазіргі таңда өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында Атырау қаласының ТЖБ қызметкерлерінен құралған 11 жедел топ жұмыс атқаруда. Сонымен қатар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, пиротехниканы заңсыз сату орындарында 21 рейдтік іс шара жүргізілді.

Сондай-ақ, ол тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтап, Жаңа жыл мерекесін қауіпсіз өткізуге шақырды.