Миялыда 22 отбасыға үй берілді

Қызылқоға ауданының орталығы Миялы селосында 22 отбасыға тұрғынүйдің кілті табысталды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Аудан әкімі Қанат Әзмұханов салтанатты оқиғаның ашылуына қатысып, жаңа баспанаға ие болған тұрғындарды құттықтады.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты баспанамен қамту – Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі екенін айтты. Осы бағыттағы жұмыстар ауданымызда қарқынды жүргізілуде. Бүгін, міне, соның бір айғағы – Миялы ауылында 22 тұрғынға баспана кілті табыс етілуде. Ыстық ұяларыңыз берекелі болсын, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын, – деді аудан әкімі Қанат Әзмұханов.

Ал жаңа қонысқа ие болған ауыл тұрғыны Гүлсағима Сауытова көптен бері арманына қол жеткізгендегі толқынысын айтып, аудан басшысына алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Миялы ауылдық округі ардагердер кеңесінің төрағасы Жаубасар Мұханбетов қоныс иелерін құттықтап, ақ тілегін білдірді.

Айта кетейік, баспана кілті кезекет тұрған халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, көпбалалы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, апатты үй иелеріне және мемлекеттік қызметкерлерге берілді.