Әлем - 19.12.2023

Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың 12-пакетін жариялады

Еурооодақ Ресейге қарсы экономикалық санкциялардың 12-пакетін мақұлдады. Онда Ресейден алмас импорттауға тыйым салынған және реэкспорт ережелері қатаңдатылған, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Жаңа ереже бойынша, 2024 жылдың қаңтарынан бастап өндірістік емес алмас импорттауға, ал наурыз айынан бастап біртіндеп басқа елдерде өңделген Ресей алмас сатып алуға тыйым салынады.

Еуропа одағына кірмесе де, Швейцария Ресейден темір мен болат импорттауға тыйым салды.

Еуроодақ Ресейге үшінші елдер арқылы өтіп кетуі мүмкін деген тауарлардың импорт-экспортын қатаң қадағалауға күш салмақ. Еуропа экспортерлары келісімшарт жасасқанда әскери мақсатқа қолданылуы мүмкін деген не әскери жүйелерді әзірлеуге жарайды деген тауарларды Ресейге сатуға тыйым салатын пункт енгізуі тиіс болады. Мұндай тауарлар тізімі де жаңарды. Оның қатарына кей химикаттар, литий батареялары, термостаттар мен қозғалтқыштар, ұшқышсыз ұшатын аппаратқа арналған сервожетектер, станоктар мен құрал бөлшектері кіреді.

Еуропа одағы Ресейге көп кіріс келтіретін, соның арқасында оның Украинаға шабуылын жалғастыруына мүмкіндік беретін тауарларды Мәскеуден импорттауға шек қойды. Оның қатарында шойынның кей түрлері, мыс және алюминий сымы мен фольга, құбырлар бар. 12 ай өтпелі кезеңнен соң сұйытылған пропанды импорттауға да тыйым салынды. Ресей мұнайының шектік бағасын ұстануға қатысты да қатаңырақ ереже енгізілді.

Бұған қоса, Еуроодақ Ресейдің және онымен байланысы бар басқа елдердің санкцияға іліккен ұйымдарының тізімін жаңартты. Бұрынғы тізімге қосымша 29 заңды тұлға енді. Еуропа елдері бұл ұйымдардың Украинаға шабуылға тікелей қатысы бар деп санайды. Тізім әлі жарияланған жоқ. Нақтыланбаған ақпарат бойынша, санкцияға іліккендер арасында қазақстандық компания жоқ. Бұған дейін Еуроодақтың санкция тізіміне Қазақстаннан екі, Өзбекстаннан бір компания енгізілгелі жатыр деген болжам айтылған.