Атырауда апатты үй тұрғындарына жаңа баспана берілді

Атырауда апатты үй тұрғындарына жаңа баспана берілді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Нұржан Саясат апатты деп таңылған Азаттық 76 тұрғындарына жаңа үйдің кілтін табыстап, қоныс тойларымен құттықтады.

– 1947 жылы салынған Азаттық, 76 апатты үй тізіміне тіркелген болатын. Міне, бүгін сол пәтерлердің иелеріне қалалық бюджеттен «Модерн» жеке тұрғын үй кешенінен үй сатып алып, кілтін табыстадық. Жыл соңына дейін апатты деп таңылған қосымша тағы бір үй жаңа баспанаға көшірілетін болады, – деді Н.Саясат.

Жаңа пәтер иелерінің бірі – Айгүл Бекесова өз қуанышымен бөлісіп, ризашылығын білдірді.

– Бүгін көптен күткен қуанышты жаңалық — жаңа пәтерге ие болып жатырмыз. Бүгін облыс және қала әкімідігінің көмегімен жаңа пәтерге қоныстандық. Алда барша үйге мұқтаж адамдар жаңа пәтерге ие болсын деп тілек айтқым келеді, – деді Айгүл Бекесова.