Денсаулық - 15.12.2023

Атырауда алғаш рет MIDCAB әдісі арқылы жүрекке ота жасалды

Атырау облыстық кардиологиялық орталығында шеберлік дәрістер өткізіліп, MIDCAB әдісі бойынша оталар жасалынды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Шеберлік дәрісті «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық орталығы» ауруханасының дәрігерлері кардиохирург Әлібек Тойбаев, кардиоанестезиолог Ақерке Бексейітова және перфузиолог Жәнібек Аширов өткізді.

– Атырау өңірінде өткізіліп жатқан шеберлік сағатында жаңа MIDCAB әдісі бойынша 5 ота жасалынды. MIDCAB әдісі — жүректің алдыңғы қабырғасында орналасқан үлкен коронарлық тамырдың бітелуінде қолданылады. Ол кеудені түгел ашпай, жүрек тұсынан тесу арқылы жасалады. Жүректің бітелуі — инфарктіге алып келетін негізгі себептердің бірі. Бұл әдіспен жасалған отадан соң науқас бірнеше күн өткеннен кейін тез қалыпқа келеді. Жалпы шеберлік сағаты жоғары деңгейде өтті. Сондықтан осы әдіспен ота жасау алдағы уақытта жеңіл болады. Дәрігерлердің жұмыстарына сәттілік тілеймін, – деді Ә.Тойбаев.

Шеберлік сағатына қалалық және аудандық емханалардың кардиолог-дәрігерлері қатысты.

MIDCAB әдісі арқылы емдеу, күнделікті тәжірибеде қолдануға жеңіл, әрі науқастардың стационарда жату уақытын қысқартып, күрделі кардиологиялық оталардан сақтауға мүмкіндік береді.

Ота жасалған науқастардың барлығы емдеуші дәрігерлердің бақылауында.