Еріктілер балаларға жаңажылдық ертеңгілік ұйымдастырды
«Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен «Теңіз жүрегі» жобасы аясында еріктілер Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы балаларға жаңажылдық ертеңгілік ұйымдастырды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, «Теңіз жүрегі» жобасының еріктілері осы орталықтың балаларына әртүрлі тақырыпта шығармашылық шеберлік сағаттарды, кино-тайм, спорттық жарыстар мен мәдени демалыстарды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ, орталыққа теледидарлар, динамиктер, караокені сыйға тартты.
– Балалар қысқы киімдерді – жылы күртешелерді, қысқы етіктерді, пальто мен кроссовкаларды сыйлыққа алды. Жыл бойы біз кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының балаларын барлық жағынан қолдауға тырыстық. «Теңіз жүрегі» еріктілерімен бірге олар үшін түрлі іс — шаралар өткізіп келеміз. Ал жаңа жыл қарсаңында дәстүр бойынша біз балаларды келе жатқан мерекемен құттықтап, ұмытылмас көңіл-күй сыйлап, сыйлықтар ұсынғымыз келді, – деді «Friends of Atyrau» қауымдастығының басшысы Энн Финстуен.
Айта кетейік, орталықта барлығы 30 бала тәрбиеленіп жатыр. Биыл оларға еріктілер 10-нан астам іс-шара ұйымдастырды.