Аймақ - 08.12.2023

Құлсарыға 80 аялдама орнатылмақ

Құлсары қаласында қоғамдық көлікке арналған 80 аялдамасы орнатылады. Олардың бесеуі – «жайлы аялдама», деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, қазіргі таңда аялдама орнатылатын орындары дайындалып, бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстармен «Қазтехинвест» ЖШС айналысуда.

Аталған аялдамалар Махамбет даңғылы, Сауран, Ө.Алдахов, І.Сариев, Балуан Шолақ, И.Тайманов, Н.Арқабаев, Нарынбай батыр, Б.Өтеулиев, С.Датов, Қ.Күржіманұлы көшелері мен «7 ауыл», «Мешіт», «Теміржолшылар», «Автожолшылар», «Атырау» ықшамаудандарындағы көшелерге орнатылады.

– Белгіленген жерлердің кейбірінде ескі аялдамалар бар, ал кейбір жерлерде мүлде болмаған. Сондықтан біркелкі қылып, жаңа аялдамалар қойылғалы жатыр. Бұл біртіндеп жүзеге асырылатын жұмыс. Айталық осы айда 20 аялдама келіп орнатылады, ал қаңтарда 30 аялдама келеді деп күтілуде, – деді Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы Жанғазы Еркінов.

Айта кетейік, бұл жұмыстар 2024 жылдың сәуір айына дейін толықтай аяқталады деп күтілуде.