Атыраудың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 2,4 трлн теңгеге жетті
Атыраудың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 2,4 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Аймақ басшысының айтуынша, инвестиция тартудан республика бойынша Атырау облысы көш бастап тұр.
– Тұтастай алғанда, елімізге тартылған инвестициялардағы Атыраудың үлесі 18,3%-ды құрайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 2,4 трлн теңге. Оның ішінде сыртқы инвестиция 902,5 млрд теңгені, ішкі инвестиция 1 533,6 млрд теңгені құрады. Өткен жылы Атырау облысында «NCOC» компаниясының теңіз түбін тереңдету жобасы мен «КРІ» ЖШС-ның полипропилен өндірісі жобасы аяқталды. Соның себебінен негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі төмендеді. Есепті кезеңде облысқа 3,5 млрд АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Оның ішінде, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазуға 3,4 млрд АҚШ доллары, құрылысқа 114,2 млн АҚШ доллары, кәсіби, ғылыми-техникалық қызметке 22,9 млн АҚШ доллары, ал басқаларына 3,8 млн АҚШ доллары бөлінді, – деді Серік Шәпкенов.
Биыл облыста 3 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Солардың бірі – құны 76 млрд теңгені құрайтын Атырау қаласынан жүк тасымалдайтын теміржол вагондарын жасау зауыты(«ТексолТранс» ЖШС). Қуаттылығы – жылына 6 000 вагон. Зауытта 1 700 адам жұмыспен қамтылады. Іске асыру мерзімі – 2024-2026 жылдар.
Сұйытылған газ сақтау қоймасы («ТексолТранс» ЖШС). Жоба құны – 18 млн доллар. Қоймада 3 000 тонна (6 000 текше метр) газ сақтауға болады. 60 жұмыс орны ашылады.
Жылына 1 323 тонна көкөніс алуға мүмкіндік беретін жылыжай құрылысы («Айдана Агро» ШҚ). Жоба құны – 8 млрд теңге. Жылыжайда 60 адам еңбек етеді.
Бұдан бөлек, осы жылы Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында ашу жоспарланған 3 жобаның іске қосу мерзімдері объективті себептерге байланысты 2024 жылға ауыстырылды. Қазіргі уақытта аталған жобаларда жұмыс жүріп жатыр.