Әлеумет - 08.12.2023

1 қаңтардан бастап зейнетақы 9%-ға көбеймек

Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері келер жылдың 1 қаңтарынан бастап 9%-ға артады, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Гүлмира Искалиева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік корпорация құзіретіне уәкілетті мемлекеттік органдармен мемлекеттік базалық зейнетақы және жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға, тағайындау туралы шешімдерді қайта қарауға, қайта есептеуге арналған құжаттарды қабылдау мәселелері кіретінін мәлім етті. Сонымен қатар, корпорация – мемлекеттік бюджет есебінен және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатынан төленетін зейнетақы төлемдерін ұйымдастыруды және төлеуді жүзеге асыратын мекеме.

Атырау облысы бойынша 62 588 зейнетақы алушы, мүгедектігіне байланысты 18 153 жәрдемақы алушы және асыраушысынан айырылу бойынша 7 456 мемлекеттік жәрдемақы алатын азамат бар.

– Қазіргі таңда мемлекеттік корпорация «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңы жобасына сәйкес 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін өсіру жұмыстарын атқаруда. Атап айтсақ, келер жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңге мөлшерінде, тиісінше ең төменгі зейнетақы 57 853 теңгеге өседі. Сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңгені құраса, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңгеге жетпек. Бұдан бөлек, жасына байланысты және қызмет еткен жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9%-ға артады. Бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге, сондай-ақ 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға да қатысты,  – деді Г.Искалиева.

Сонымен қатар, оның айтуынша, мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 1 қаңтарда ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінің ұлғаюына байланысты (43 407) теңгеге өсетін болады.