Жангелдинде – жаңа спорт кешені
Қызылқоға ауданында жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында Жангелдин ауылында спорт алаңы ашылды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен басталған бұл алаңды мердігер «MBM CONSTRUCTION» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 4 ай мерзімінде бітіріп, халықтың игілігіне ұсынып отырғаны туралы мәлімет берді.
Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Қанат Әзмұханов ауыл тұрғындарын құттықтай отырып, алаңның жастарды спорттық жетістіктерге жеткізетін бірден-бір алаң болатынына сенім білдірді.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс» деген болатын. Мемлекет басшысының спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызды басым бағыттар санатына қосатындығы қуантады.
Міне, бүгінде сіздердің ұсыныстарыңызбен облыс әкімінің қолдауымен аудан жастары үшін өзекті болған спорт кешені мен спорт алаңы мәселесі шешімін тауып келеді. Оған дәлел биыл 5 дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені құрылысы Тасшағыл, Жасқайрат, Қарабау, Қоныстану, Мұқыр ауылдарында басталды. Осы спорт кешендеріне қосымша спорт алаңдарын салу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы Жасқайрат, Қоныстану, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау, Тайсоған, Миялы, Сағыз ауылдарында бұл жұмыс жалғасын табатын болады, – деді Қ.Әзмұханов.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәттібай Шәкенбаев пен ауыл тұрғыны Гүлнар Сатан құттықтау сөз сөйлеп, аудан басшысымен бірге спорт алаңының лентасын қиды.
Аталған спорт алаңы жасанды төсеніші бар кіші футбол алаңы, көше тренажерлары және волейбол мен баскетбол алаңдарынан тұрады. Кешеннің ауданы 2400 шаршы метр.