Саясат - 07.12.2023

Қазақстан көрші елмен архивтегі құжаттарды алмасатын болды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің архивтер, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш пен «Узархив» агенттігінің директоры Ұлықбек Юсупов архивтер арасындағы байланысты нығайту, Өзбекстан архивтерінде түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізу, құжаттандыру мәселелерін оңтайландыру және т. б. бойынша келісімге қол қойды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Тараптар бірлескен іс-қимыл жоспары ғалымдар мен зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімді.

– Биыл Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х Саммитінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ортақ тарихи мұрағатты зерделеп, шындықты ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарға тарихымыздың беймәлім деректерін бірлесіп зерттеуді тапсыруды ұсынамын. Бұл шын мәнінде маңызды жұмыс, өйткені біздің ортақ тарихымызда әлі толық зерттелмеген мәселелер бар». Биылғы жылы қазақстандық делегация Өзбекстан Республикасына барып, «Узархив» агенттігінің басшылығымен бірлескен іс-шараларға қатысты келіссөздер жүргізді. Бүгін біз бұл келісімнің орындалуын құжат жүзінде бекіттік. Бұл – Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының отырысында атап өткен бірінші кезектегі міндеттердің шұғыл орындалып жатқанының дәлелі – тарихи сәт, – деді Қуат Бораш.

Айта кету керек, Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес архив құжаттарын жинақтау, кітаптар шығару, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жұмыстары қарастырылған.

Сондай-ақ, «Архив-2025» кешенді жоспары аясында 2022 жылы еліміздің мемлекеттік архив қызметкерлері әлемнің 14 елінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Қазақстанға 7 мыңнан астам тарихи құнды құжат әкелінді. Олардың барлығы ғылыми айналымға енгізіледі.