Биыл Атырауда жол апатынан 89 адам қаза тапты
2023 жыл басталғалы Атырау облысында 324 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 89 адам қаза тапса, 416 адам әртүрлі деңгейде жарақаттанған. Дегенмен былтырғымен салыстырғанда жолдағы апат 0,6%-ға төмендеген, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке келген Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының жол қозғалысын қадағалау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Аманжол Жұмалиевтің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі республикалық маңызы бар тасжолдарда болатын көрінеді. Есепке үңілгенде облыс аумағындағы тасжолдарда болған өлімнің 61,8%-ы республикалық трассаларда тіркелгенін байқаймыз. Соның кесірінен 11 ай ішінде 55 адам қайтыс болған.
– Ооблыс аумағында жыл басынан бері жасөспірімдерге қатысты жол-көлік оқиғалары едәуір өсіп отыр. Осы жол апаттарының алдын алу үшін жыл басынан бері облыстың құзырлы органдарымен бірлесе отырып, 14 жедел алдын алу іс-шарасы мен рейдтік акциялар өткізілді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде адам өлімінің де азайғанын байқауға болады, – деді А.Жұмалиев.
Сондай-ақ, Атырау облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Жол және техникалық инспекция тобының ерекше тарсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция капитаны Тілепберген Ақболатов жүргізушілердің қысқы уақытта көлік дөңгелектерін қысқы маусымдық дөңгелектерге ауыстыруы қажеттігін атап өтті.
– Күз бен қыс айларында республикалық және облыстық тасжолдар 6 мәрте жабылды. Жүргізушліер мен жолаушылардың өміріне үлкен қауіп-қатер төнуіне байланысты, яғни тасжолдарда қар аралас жаңбырдың әсерінен тайғақ пайда болып, көліктердің еркін жүріп-тұруына едәуір кедергі жасауы жолды жабуға себеп болды . Осы талап Кедендік Одақтардың аумағында автокөліктерді пайдалану ережесінде нақты көрсетілген. Егер талап орындалмаған жағдайда көлік жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК 590-бабы 5-тармағына сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, – деді ол.