Атырау қаласында өрт 17%-ға азайған

Өткен 11 айдың қорытындысы бойынша Атырау қаласы аумағында 136 өрт оқиғасы тіркелді. Былтырғымен салыстырғанда өрт оқиғасы 28-ге дейін немесе 17%-ға төмендеген, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы азаматтық қорғау майоры Ғабит Бабаев өрттен 4 адам қаза болып, 1 адамның зардап шеккенін жеткізді. Көмірқышқыл газымен улану жағдайы бойынша 2 адам қаза болған.

Оттың тұтануына электр аспаптарын монтаждау және техникалық пайдалану ережесінің бұзылуы басты себеп болып отыр. Сонымен қатар, отты абайсыз қолдану мен пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауынан туындаған.  Тіркелген өрт оқиғаларының 60%-ы тұрғынүй секторында болған.

Төтеншеліктердің айтуынша, жыл сайын 15 тамыздан бастап жылыту маусымына дайындық іс-шаралары өткізілуде. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топ қатарына жатқызылған азаматтарға көбірек көңіл бөлінеді.

– Биыл қала бойынша 399 осал топқа жататын тұрғындардың үйлері есепке алынды. Оларға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аталған тұрғынүйлерге жергілікті атқарушы органдар, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қызметкерлері мен еріктілер бірігіп, рейдтік іс-шаралар өткізіп, 50 түтін датчигін қондырды. Сондай-ақ, 15 тамыздан бастап облыс тұрғындарына 112 нөмірі арқылы «Газ тұтынушы түтін мұржаларын тексеріңіз және оның жарамдылығын бақылаңыз. Сіздің өміріңіз – өз қолыңызда» мәтінінде айына екі рет СМС хабарлама жіберілді. 2023–2024 жылғы жылыту маусымы кезеңі аяқталғанша осы бағытта жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді Ғ.Бабаев.

Брифинг соңында ол облыс тұрғындары мен қонақтарына күнделікті тұрмыстағы қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертіп, өрт оқиғалары немесе төтенше жағдай болған кезде дереу «101», «112» нөміріне қоңырау шалу қажеттігін жеткізді.

Ал Жедел құтқару жасағы басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұрқуат Қарақұлов қазіргі уақытта су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұз қату кезеңінде судағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша дайындық жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

– Атырау облысы су айдындарындағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін жедел-құтқару жасағының 35 сүңгуір құрал-жабдығы, 20 автокөлік, 6 үрмелі қайық және 3 құтқару тақтайшасы қарастырылған. Аталған техникалар мен құрал-жабдықтар мұз тұру кезеңіне толықтай дайын. Балалар басты назарда болғандықтан, құтқарушылар мұз қату кезеңіне дайындықты бастап кетті. Қазіргі таңда қала аумағындағы жалпы білім беретін орта мектептерде мұз үстіндегі қауіпсіздік шаралары туралы 69 мектепте, «Сармат» мамандандырылған мектебінде сабақтар өткізілді. Балаларға тұрақты аяз түскенге дейін мұз беті әлсіз болатындығы туралы айтылды. Сонымен қатар, балық аулаушылармен мұз үстіндегі қауіпсіздік шаралары туралы түсіндірме жұмыстары өткізілу үстінде, – деді ол.