Жылыой әкімі кәсіпкерлермен еркін әңгімелесті
Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов ауданның бірқатар кәсіпкерлерімен бизнес-таңғы аста кездесті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, еркін сұқбат түрінде өткен кездесуге әкімнің орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшылары және аудан кәсіпкерлері қатысқан.
Жиында бизнес өкілдері өз кәсіптерін таныстырып, бірқатар ұсыныс-пікірлерін білдірді. Олар өзара таныса отырып, бір-бірінің кәсібін қолдау қажеттігін де айтты.
Аудан басшысы кәсіп иелерінің жұмыстарына тоқталып, алдағы жылы жұмыс ауқымын ұлғайтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бірлесе жұмыс жасау қажеттігін жеткізді.
Айта кету керек, Жылыой ауданында шағын және орта кәсіпкерлерлік қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда ауданда 7 261 шағын және орта кәсіпкерлік тіркелген болса, соның 7 208-і тұрақты жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 677 заңды тұлға, 5 584 жеке кәсіпкер, 3 093 шаруа қожалығы халыққа қызмет етіп келеді.