Спорт - 04.12.2023

Атырауда шинкиокушинкай каратэден республикалық турнир өтті 

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, «Атырау облыстық шинкиокушинкай каратэ федерациясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен шинкиокушинкай каратэден «Батыс Қазақстан» атты 10–17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында дәстүрлі ашық республикалық турнир өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Облыстық шинкиокушинкай каратэ федерациясының жаттықтырушысы Алмас Төлеуов бұл дода жасөспірімдер арасында спорт түрлерін насихаттап, шеберліктерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылғанын айтып өтті.

– Бұл «Батыс Қазақстан» чемпионаты деп аталатын жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. Биыл Орал, Ақтөбе қалалары спортшыларының қатыса алмауына байланысты, Маңғыстау облысының Ақтау мен Жаңаөзен қалалары және Атырау қаласы мен Махамбет ауданының спортшылары сайысқа түсті. Жалпы 350-ден астам бала додада бақ сынады. Бұл іс-шараны өткізудегі басты мақсатымыз – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, олардың спорттық шеберліктерін шыңдау. Сондай-ақ, спортты, соның ішінде, каратэні дамытып, насихаттау, – деді А.Төлеуов.

Жарыстың нәтижесінде, атыраулық спортшылар 28 алтын, 12 күміс және 10 қоланы қанжығаласа, ақтаулық каратэшілер 9 алтын мен 11 күміс, 10 қоланы еншіледі. Сонымен қатар, Жаңаөзендік спортшылар 3 алтын, 10 күміс пен 11 қола иеленсе, Махамбет ауданының спортшылары 3 алтын, 7 күміс, 9 қолаға қол жеткізді.