Әлеумет - 01.12.2023

Биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9,1 мың адамға грант берілді

Жыл басынан бастап 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 102 грант, оның ішінде ауыл тұрғындарына 6 011 грант берілді. Негізі, биыл жалпы 9 000 грант беру жоспарланған болатын, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

2023 жылы мал шаруашылығына 2 907, өсімдік шаруашылығына 148, мүкәммал, еңбек құралдарын сатып алуға 2 221, технологиялық жабдықтарды сатып алуға 3 661, орынжайды жалға алуға 165 қайтарымсыз гранттар берілген.

Соның ішінде көпбалалы отбасы мүшелері 4 963, мүгедектігі бар адамдар 1 827, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар 1 118, атаулы әлеуметтік көмек алушылар 562, асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушылар 421, қоныс аударушылар 181 және қандастар 30 грантқа ие болған.

Биыл гранттар алуға өтініштерді қабылдау 3 лек бойынша өткізілді. Үміткерлерден барлығы 66 мыңнан астам өтініш, оның ішінде көпбалалы отбасылардан 39,9 мың, мүгедектігі бар адамдардан 11,7 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан 8 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан 3,5 мың өтініш қабылданды. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған адамдар қатарынан 2,6 мың адам, 702 қоныс аударушы және 217 қандас өтініш берді.

Өтінімдердің ең көп саны Түркістан облысының (14,9 мың), Шымкент қаласының (7,8 мың), Жамбыл (7,6 мың),  Қызылорда (7,5 мың) облыстарының және ең аз саны Ұлытау (136) және Қостанай (159) облыстарының үміткерлерінен келіп түскен.

Келесі жылы да халықтың әлеуметтік осал топтарына 9 мың грант беру көзделген.