Атырауда Ықылас күйшінің 180 жылдығына арналған кеш өтті
Атырауда композитор Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығына орай «Бозінген» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің ұйымдастыруымен қазақтың атақты күйші-қобызшысы, композитор Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығына арналған «Бозінген» атты шығармашылық кеш өтті.
Іс-шараға Ықылас Дүкенұлының ұрпағы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Атырау күйшілер одағының жетекшісі Ақнар Тәттібайқызы қатысты.
– Ұлы күйші, қобызшы Ықылас Дүкенұлының биыл 180 жылдығы республикалық деңгейде тойлануда. Еліміздің әр қаласында оның шығармашылығына арналған кеш өтуде, бүгін сол іс-шара осы Атырауда жалғасын тапты. Мұнда қобыз өнері, соның ішінде, қобыз классигінің мерейтойы аясында бүгін таңертеңнен бері бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Қазіргі концертке Астана, Алматы мен Оралдан арнайы әртістер келуде. Сонымен қатар, осы атыраулық өнерпаздар қатысуда. Ұйымдастырушылар мен барлық кеш қатысушысына алғысымды білдіремін, – деді Ақнар Тәттібайқызы.
Шығармашылық кеште Республикалық Күйшілер одағының төрағасы Асқар Кенжеғалиев алғаш рет Ықылас Дүкенұлы атындағы төсбелгіні қазақ елінің әдебиетіне, мәдениеті мен өнеріне сүбелі үлесін қосып жүрген Ілия Жақанов, Ақнар Тәттібайқызы, Жанар Жүсіпова, Нұрлан Түменбай сынды тұлғаларға тақты.
Сондай-ақ, Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Болат Долдашовқа Республикалық «Күйшілер одағына» мүшелік куәлігі мен Қ.Сағырбайұлы атындағы төсбелгіні табыстады.