Саясат - 30.11.2023

Сенаторлар ақпараттық қауіпсіздік туралы заңды мақұлдады

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар ақпараттық қауіпсіздік туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша мәселелерді қарады, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Отырыс кезінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды. Мәулен Әшімбаев бұл құжат азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтуге және оларды қылмыстық әрекеттерден қорғауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, осы заң аясында цифрлық майнинг саласындағы бақылау күшейтіледі. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының төрт кодексіне және он заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Атап айтқанда, алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатымен адамдарға банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы беріледі. Бұл шара заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі болып саналады. Сондай-ақ, бұған дейін де айтылғандай, мемлекеттік органдардың және мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілерімен интеграциялану болмаған, технологиялық құралдарды пайдаланып субъектіні сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салу белгіленеді.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанды «IT» мемлекетке айналдыруды маңызды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Бүгінде азаматтарымызға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көп бөлігі электронды форматта жүзеге асырылуда. Осыған орай, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығы артып отыр. Соған байланысты, Парламенттің бір топ депутаты осы заңды әзірледі. Алдағы уақытта мақұлданған заң азаматтарымыздың мүдделерін қосымша қорғауға және саланың одан әрі дамуына септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат Төрағасы.