Саясат - 30.11.2023

Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастық нығая түсті

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Белградқа ресми сапары барысында Сербия Республикасының Президенті Александр Вучичтің қабылдауында болды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Кездесу барысында Сербия мемлекетінің басшысы А.Вучич екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін, аса жоғары және жоғары деңгейлерде орнықты саяси диалогты дамытуды, сондай-ақ, екі елдің екіжақты форматта да, халықаралық құрылымдар шеңберінде де тиімді өзара іс-қимылын қанағаттанушылықпен атап өтті.

ҚР СІМ басшысы М. Нұртілеу Сербия Президентіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектері мен жылы лебіздерін жеткізіп, Мемлекет басшысының келесі жылы Астанаға сапармен келуге шақырғанын айтты.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасын өзінің серб әріптесімен өткен келіссөздер жөнінде, оның барысында жан-жақты байланыстарды жандандыру бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілгені туралы хабардар етті.

– Астана мен Белградтың ортақ мүдделерге негізделген сенімді қарым-қатынастармен мақтануға толық негіз бар, – деді М. Нұртілеу.

Сұхбаттастар екі елдің әскери-техникалық салада, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, туризм, білім беру және мәдениет салаларында ынтымақтастық перспективаларының бар екенін атап өтті.

Кездесу барысында, сондай-ақ, жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері туралы пікір алмасу өтті.