Денсаулық - 29.11.2023

Қызылшамен ауырған 14,4 мың баланың 80%-дан астамы – екпе алмағандар

Қазақстанда қызылшамен ауырған 14,4 мың баланың 80%-дан астамы егілмеген, оның жартысынан көбі ерікті түрде бас тартудың себебінен болып отыр, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Үкімет отырысында сөйлеген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, республикада қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның ішінде 82%-дан астамы немесе 14 465 жағдай балаларға тиесілі, оның 83%-ы – вакцинация алмаған балалар. Бұл ретте балалардың 60%-ы ата-аналарының бас тартуына байланысты егілмеген, қалған балалар егу жасына жетпегендер не медициналық қарсы көрсетілімдері бар.

Қызылшамен ауырғандардың ең көп саны – Шымкент қаласында (3 016), Алматы қаласында 2 653, ал Жамбыл облысында 2 370 жағдай тіркелді.

Бүгінгі таңда елімізде қызылшамен ауыратындарға арналған 3,5 мыңнан астам орын ашылды, стационарлық емделуде 2 375 бала бар, төсек – 59,5%, резерв – 1093.

Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 30 бала реанимация бөлімшелерінде ауыр жағдайдажатыр. Оның ішінде 1 жасқа толмаған 15 бала бар.

Эпидемиологтар 2023 жылы әлемде қызылшаға тән кезекті циклдік көтерілу, сонымен қатар, халықтың иммундық емес тобының жинақталуы инфекция толқынын күшейтетінін атап өтті. БҰҰ деректері бойынша әлемде 67 миллионнан астам бала пандемияға және вакциналарға деген сенімнің төмендеуіне және басқа да бірқатар факторларға байланысты жоспарлы иммундауды өткізіп алды. Осыған байланысты, 415 мыңнан астам жағдай тіркелген әлемнің 167 елінде қызылша бойынша жағдайдың күрделенуі байқалады.