Аймақ - Спорт - 29.11.2023

Сүйіндік ауылында спорт кешені бой көтермек

Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, нысан құрылысына тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі болса, бас мердігер – «Номад Құрылыс компаниясы».

48 орындық спорт кешені 1 гектарға жуық аумақты қамтиды. Нысан барлық заманауи талаптарға сай жабдықталмақ. Кешенде баскетболға, волейболға арналған алаң, кіші футбол алаңы, воркаут спорт алаңы, жаттығу залдары, тренерлік кабинеттер мен жуыну бөлмелері қарастырылған.

– Заманауи спорт кешені – ауыл тұрғындарына қажетті әлеуметтік нысандардың бірі. Тұрғындарды салауатты өмір салтына шақырып, бос уақыттарын тиімді өткізу үшін жүзеге асып жатқан мұндай жобалар қашан да мемлекет тарапынан қолдауға ие. Аталған спорт кешені ел игілігіне пайдаланылып, әлемдік додада өнер көрсететін спортшылар тәрбиеленеді деп сенемін, – деді аудан басшысы Абат Жанғалиев.

Оның айтувнша, бүгінгі таңда жері тегістеліп, қазан шұңқырлары қазылып, іргетасы құйылуда. Қалған жұмыстар жоспарға сай кезең-кезеңмен жүргізіледі. Құрылыс материалдары жеткілікті.

Айта кетейік, мердігер мекеменің мәлімдеуінше, спорттық кешен 2024 жылдың бірінші жартылдығында қолданысқа беріледі.