Атырауға қызылшаға қарсы вакцинаның 20 мың дозасы жеткізілді
Атырауға қызылшаға қарсы вакцинаның 20 мың дозасы жеткізілді. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елімізге аталған екпенің 500 мың дозасын әкелген еді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының есебі бойынша қызылша, қызамық, паротитке қарсы екпеге қажеттілік 39 мың болып отыр. Қалған 19 мың дозасы осы аптаның соңына дейін жеткізілмек.
Қазіргі уақытта мамандар келген вакцина дозаларын қалалық және аудандық емханаларға бөліп, таратып жатыр. Жалпы, облыста қызылшаны жұқтырғандар саны – 2 290.
– Қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы бойынша соңғы екі жылда облыста бұл инфекция тіркелмеген. Алайда қазір ауру өршіп тұр. Осы ретте ұжымдық иммунитет қалыптастыру керек. Өйткені инфекция ауа тамшылары арқылы таралады. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы егілмеген адамдар өмір бойы қызылшаға өте сезімтал болады және кез-келген жаста ауыруы мүмкін. Сондықтан ауруды жеңудің жалғыз жолы – вакцина. Сондықтан баршаңызды бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.
Қазіргі уақытта облыс бойынша қызылшаға қарсы 21 227 тұрғын екпе алған. Негізінен вакцинация алғаш 12–15 айлық дені сау балаларға салынады. Вакцинаны қайта салу (ревакцинация) 6 жасында, мектеп алдында жүзеге асырылады.