Саясат - 23.11.2023

Қазақстан–Швеция ынтымақтастығы талқыланды

Швеция астанасында өткен саяси консультациялар барысында Қазақстан–Швеция ынтымақтастығына жан-жақты шолу жасалды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенконың Швеция Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дж.Кнуцсонмен және Бас директорының орынбасары П.Эриксонмен келіссөздері аясында тараптар екіжақты саяси диалог, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың жемісті дамуын жоғары бағалап, басым бағыттар бойынша өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға бейілділігін білдірді.

Қазақстан–Швеция ынтымақтастығын жан-жақты кеңейтуге мүдделілікті атап өтіп, Р.Василенко сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттырудың және екіжақты қарым-қатынастардың шарттық-құқықтық базасын дәйекті әртараптандырудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде, швед сыртқы саяси ведомствосының өкілдері Швецияның Орталық Азиядағы жетекші серіктесі ретінде Қазақстанмен диалогты одан әрі жалғастыруға және ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты.

Келіссөздер барысында тараптар халықаралық мәселелер мен көпжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіне ерекше назар аударды. Тараптар ядролық қарусыздану жөніндегі Стокгольм бастамасы шеңберінде әрі қарай тиімді ынтымақтастықтың және осы саладағы өзге де халықаралық мәселелердің ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, Министрдің орынбасары Р.Василенко Швеция Сыртқы істер министрлігінің өкілдерін негізгі сыртқы саяси басымдықтар мен Қазақстанның конфессияаралық диалогты ілгерілету, оның ішінде Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру туралы хабардар етті.

Тараптар халықаралық аренада дінаралық келісімді сақтау мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

 

Анықтама:

Швеция Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы маңызды серіктесі болып табылады. Қазақстан Республикасы мен Швеция сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар екіжақты өзара іс-қимылдың тиімді құралы болып табылады. Консультациялардың алдыңғы раунды онлайн режимінде 2021 жылы ұйымдастырылған болатын.

Өткен жылдың соңында екіжақты тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда 40%-дан астамға өсіп, 325,9 млн долларды құрады (экспорт – 96,1 млн. доллар, импорт – 229,8 млн. доллар). 2023 жылдың тоғыз айында тауар айналымы 365,8 млн. долларға жетті (экспорт – 47,5 млн. доллар, импорт – 318,4 млн. доллар).

2022 жылы Швециядан Қазақстанға 51,5 млн. долларын құрайтын ТШИ тартылды, 2005 жылдан бері жалпы сомасы 600 млн. долларды құрайды. Қазақстанда швед капиталының қатысуымен 40-тан астам компания тіркелген.