Өрт оқиғасы былтырғымен салыстырғанда 12%-ға азайды
Жыл басынан бергі облыс аумағындағы өрт оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға төмендеді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Биыл облыс аумағында 212 өрт оқиғасы тіркелді. Нақтырақ айтқанда, Атырау қаласы бойынша 120, Жылыой ауданы бойынша 22, Исатайда 5, сонымен қатар, Құрманғазыда 14, Мақатта 12, Махамбетте 17, Қызылқоға және Индер аудандарында 11 өрт оқиғасы болды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Жасұлан Ақтаев өрттің шығуының негізгі себептері жөнінде баяндап өтті.
– Өрт шығуының ең басты әрі бірден-бір себебі – бұл электр аспаптарын монтаждау және техникалық пайдалану ережесін бұзудан. Оған қоса отты абайсыз қолданудан және пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің дұрыс сақталмауынан. Сонымен қатар балалардың отпен ойнауынан, яғни сіріңке, оттық сынды тағы басқа жанғыш заттарды пайдалануынан туындап отыр.
Сондай-ақ, тіркелген өрт оқиғасының басым бөлігі тұрғын үй секторында. Нақтырақ айтсақ, 117 өрт оқиғасы немесе 60%-ы тұрғын үй секторында тіркелген. Бұдан бөлек тұрғын үйдегі өрттердің өсуі Құрманғазы, Мақат және Исатай аудандарында байқалады, – деді ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша, биыл 13-17 қараша аралығында жатақханаларда заңнаманың бұзылуын анықтау мақсатында «Жатақхана» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген. Аталған іс-шара барысында облыс аумағында орналасқан есепте тұрған 23 жатақхана және 47 хостелдің тізімі анықталып отыр.
– Анықталған жатақханаларға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және газден уланудың алдын алу мақсатында 287 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мекеме басшыларына хат жолданды. Профилактикалық жұмыстар жүргізу кезінде облыс бойынша жатақхана ғимараттарындағы анықталған кемшіліктерді көрсетіп, ұсыныс хаттар жолданды, – деді Ж.Ақтаев.
Сонымен бірге ол, облыс тұрғындары мен қонақтарына күнделікті тұрмыстағы қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертті.