Үкімет тұрғынүй кезегінде тұрғандарға жеңілдік ұсынады

ҚР Үкіметі жанындағы Азаматтарды қабылдау орталығында түсіндірме жұмыстары аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин кезекте тұрғандардың тұрғынүй мәселелері бойынша мемлекеттен қандай қолдау көретіні туралы айтты, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Нақтырақ айтқанда, «Отбасы банк» АҚ арқылы 2%-дан жеңілдетілген қарыздар берілетін болады.

Құрылысты қаржыландыру және жергілікті атқарушы органдардың немесе бірыңғай әлеуметтік мақсаттағы тұрғынүй операторының республикалық бюджет есебінен сатып алуы және «Отбасы банкі» АҚ арқылы кезекте тұрғандарға тұрғынүйді өткізу қағидаларының жобасына сәйкес 2%-дан жеңілдетілген қарыздар «тұрғынүй қатынастары туралы» ҚР Заңында айқындалған тұлғалардың 4 санатына берілетін болады.

Аталған санаттарға 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, көпбалалы отбасылар, жетім балалар кіреді. Бір ескерерлігі, осы санаттағы адамдардың соңғы 6 айдағы Еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен жиынтық отбасылық табысы болуы тиіс.

1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар санаттарына тұрғын үйді бөлу кезінде олардың төменгі қабаттарға деген сұранысын ескере отырып, басқа санаттағы қатысушылар алдында басымдық белгіленеді.

Ал қалған жеңілдіктер адамдардың 4 санатына, яғни 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, көпбалалы отбасылар, жетім балалар арасында теңдей бөлінетін болады.