Бокстан VI жазғы спартакиада аяқталды
Астанадағы Beeline Arena спорт кешенінде ұйымдастырылған бокстан ерлер арасындағы Қазақстан Спартакиадасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Бір аптаға жалғасқан байрақты бәсекеде отандық боксшылар 13 салмақ (46-48 кг, 51 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63,5 кг, 67 кг, 71 кг, 75 кг, 80 кг, 86 кг, 92 кг, +92 кг) дәрежесінде өнер көрсетіп, өзара кім мықтыны анықтады.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жарыстың финалдық жекпе-жектерін тамашалап, жеңімпаз боксшылар мен жүлдегерлерді марапаттады.
– Бокстан елордада ұйымдастырылған республикалық спартакиада бәсекесі аяқталды. Жарыстың соңғы күніндегі финалдық жекпе-жектер көпшілік күткендей өте тартысты өтті. Елорда шаршы алаңында еліміздің ең үздік боксшылары мен әр жылдардағы 6 әлем чемпионы қолғап түйістіріп, жанкүйерлерге өз шеберлігін паш етті. Жарыс барысында төрешілер әділ жұмыс істегенін, ал ел спартакиадасы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Апта бойы боксшыларға қолдау білдіріп, жарысты тамашалаған елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Олар сүйікті боксшыларына соңына дейін болысып, спорт кешенін нағыз бокс думанына бөледі, – деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Турнир қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде еліміздің бірінші нөмірлі боксшылары анықталып, ұлттық құрама жаңадан жасақталады. Спартакиадада топ жарған былғары қолғап шеберлері келесі жылға жоспарланған халықаралық жарыстар мен Олимпиада ойындарына лицензия беретін турнирлерге қатысады.
Қазіргі таңда бокстан Қазақстан ұлттық құрамасында Париж Олимпиадасының екі жолдамасы бар. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен қыздар арасындағы Карина Ибрагимова жуырда ғана Қытайда өткен Азия ойындарында лицензияға ие болған еді.