Қазақстан құрамасы қарашада екі ойын өткізеді
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы қараша айында 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында екі ойын өткізеді. Магомед Адиев шәкірттері бүгін Н тобының 9-тур ойындары аясында Сан-Марино футболшыларын қабылдайды. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.
Матч Атырау уақытымен сағат 22:00-де елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Екі құрама арасындағы бірінші ойында жерлестеріміз сырт алаңда қарсыластарынан 3:0 есебімен басым түскен болатын. Сол матчта ұлттық құрама сапынан Ян Вороговский, Асхат Тағыберген және Бақтиер Зайнутдинов мергендігімен көзге түскен еді.
– Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Еуро-2024 турниріндегі ең маңызды екі ойынының жаттығу жиынына қатыстым. Дәл қазіргі уақытта аяқдоп шеберлеріміз қарсыластарға қарсы тактикалық дайындық кезеңін өткізіп жатыр. Біздің футболшыларымыз жаттығу жиынында физикалық және функционалдық жағдайы туралы мәліметтер жинауға мүмкіндік беретін ең соңғы үлгідегі спорттық технологияларды қолдануда. Ұлттық құраманың бас бапкері және футболшылармен сөйлесіп, оларға алдағы маңызды ойын алдында сәттілік тіледім. Барлық футбол сүйер қауымды осы бір маңызды әрі жауапты матчта ұлттық құраманы қолдауға шақырамын. Біз жігіттерге сенеміз!, – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Еуро-2024 іріктеу турнирінің 8-турынан кейін Қазақстан ұлттық құрамасы Н тобының турнир кестесінде 15 ұпаймен 3-орында келеді. Ал қоржынында бірде-бір ұпайы жоқ Сан-Марино соңғы сатыға жайғасқан.
Айта кетейік, жерлестеріміз 21 қараша күні сырт алаңда Словениямен ойнайды.