Атырауда Ю.А.Пастуховтың атына мемориалдық тақта орнатылды
Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіне Палеонтология музейінің негізін қалаушы, ҚР Мәдениет қайраткері, үздік өлкетанушы Юрий Александрович Пастуховтың атына мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, іс-шара Ю.Пастуховтың палеонтология саласын дамытуда атқарған көп жылдық өлшеусіз еңбегін, тағылымы мол ұлағатты өмір жолын, үлгі-өнеге болған азаматтық келбетін насихаттаумен ерекшеленеді.
Мәдени шараға Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әсия Қыстаубаева, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, этно-мәдени бірлестіктерінің төрағалары, Қ.Дүтбаева атындағы педогогиқалық колледждің ұстаздары және студенттері, Ю.Пастуховтың жанұясы, шәкірттері, музей қызметкерлері қатысты.
Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әсия Қыстаубаева Атырау өлкесі үшін көп еңбек сіңірген, өңір табиғатының, тарихын зерттеуге өзінің сүбелі үлесін қосқан, палеонтология музейінің негізін салушы Ю.Пастуховты еске алу, оның рухына тағзым ете отырып, салтанатты шараның маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, Ю.Пастухов «Туризмді дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытудағы шығармашылық және кәсіби тұрғысы үшін» Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалінің, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері. ҚР Мәдениет қайраткері.