Атырау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІІ сессиясы өтті
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІІ сессиясы өтті. Жиынның күн тәртібінде өңірлік Ассамблеяның құрамын, Кеңес құрамын бекіту, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасарын тағайындау мәселелері қаралды. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.
Алдымен аймақ басшысы өңірлік Ассамблея жұмысының маңызына тоқталды. Сонымен қатар аймақты әлеуметтік-экономикалық дамыту, этносаралық тұрақтылықты сақтау үшін бірлескен істер жалғаса беретінін айтты.
– Меплекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясынан бері елімізде түбегейлі өзгерістер болғанын атап өтті. Саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды, мемлекеттік құрылымның жаңа әрі демократиялық үлгісі қалыптасты. Өзгерістер барысында Ассамблеяға баса мән берілді. Президент Ассамблеяның елімізді саяси тұрғыда жаңғыртып, жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды рөл атқарғанына назар аударды. Құрметті Ассамблея мүшелері, бірлесіп пішкен тон ешқашан келте болмайды. Сондықтан сіздердің аймақтың дамуына қосқан үлесіңіз үшін ризашылығымды білдіре отырып, Атырау облысын жан-жақты дамытуға бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді С.Шәпкенов.
Сессия отырысында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, тұрақтылықты сақтау, этносаралық келісімді нығайту туралы бірқатар мәселе талқыланды.
Сонымен қатар, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары лауазымына сессия құрамының келісімімен Кеңес Қосыбаев тағайындалды.
Сессия қорытындысында достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтудың гуманистік мұраттарына қосқан белсенді еңбегі үшін орыс, славян, казактар бірлестігі қауымдастығының Атырау облысы филиалының төрағасы Владимир Заверткинге Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты табыс етілді.
Оған қоса этносаралық келісімді нығайтуға, бірлік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесі үшін Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен және Құттықтау хатымен өңірлік Ассамблея өкілдері марапатталды.