Аймақ басшысы 20 миллионыншы тұрғынды іздеп барды

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғын Атырау қаласында өмірге келді. Жұмағазиевтер отбасының тұңғыш сәбиінің есімі – Мухаммад. Бойы – 54 см, салмағы – 3 660 грамм, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов қалалық перинаталдық орталығына барып, ақжолтай жаңалықпен құттықтап, сәбидің туу туралы куәлігін ата-анасына табыс етті.

– Алты алаш үшін ақ түйенің қарны жарылған бұл күннің астарында мемлекеттің жаңа экономикалық, инфрақұрылымдық сын-қатерлерді еңсере алуы мен жаңа ұрпақтың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауы жатқанында еш дау жоқ. Мемлекеттік отбасылық саясаттың басты мақсаты – өмірдің барлық сынағына тойтарыс бере алатын ұрпақ тәрбиелеу. Міне, бүгін Қазақстан халқы 20 миллион адамға жетті. Бұл сүйіншілететін ақжолтай хабар! «Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы» деп Шәкәрім бабамыз айтқандай, бұл қуаныш – еліміздің көкжиектен көрінген қандай да бір дауылдың қуатын, екпінін еңсеріп, болашаққа нық қадам басуының белгісі, – деді С.Шәпкенов.

Шарада «Отбасы банк» АҚ облыстық филиал басшысы Нұржан Мұғалімов Жұмағазиевтер отбасына 2 млн теңгелік сертификат табыс етті. Бұл сомманы баланың болашақтағы қажеттіліктері үшін банк депозитіне салып, Мухаммадтың оқуына немесе баспана алуына пайдаланады.

Мухаммад Қосай 14 қарашада дүниеге келді. Әкесі – Берік Жұмағазиев, анасы – Айдана Оразымбетова. Тарихи сәтте қуанышын жасыра алмаған әкесі Берік Жұмағазиев көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.

– Таңертең әлеуметтік желіде еліміздің 20 миллионыншы азаматы өмірге келді деген жаңалықты оқыдым. Іштей менің де ұлым осылардың қатарында ғой деп ойладым. Кейін дәл сол сәтте жұбайым хабарласып, қуанышты жаңалықпен бөлісті. Біздің төрт жылдан бері аңсап күткен сәбиіміз өзінің несібесін елінің берекесімен бірге әкелді. Болашақта Отанын сүйген, еліне, ұлтына, дініне адал қызмет етер перзенттен болса екен деген тілегім бар, – деді Берік Жұмағазиев.

Дегенмен бүгін таңертең Қазақстанда 20 миллионыншы бес азамат өмірге келді. Олар бір мезгілде Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүние есігін ашты.

Халық санының 20 миллион болуына ықпал еткен бес сәбиге 2 млн теңгеге сертификат және ерекше үлгідегі куәлік берілді.

Жалпы, Атырау облысында жыл басынан бері 14 мыңға жуық сәби дүниеге келді.