Атырау халқы Қойшығұл Жылқышиевті еске алды
Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Махамбет және А.Байтұрсынов атындағы сыйлықтардың негері, ақын Қойшығұл Жылқышиевтың 75 жылдығына арналған «Туған жердің қызғышы» әдеби-сазды еске алу кеші өтті, деп ЮАТЫС.ИНФО Өңірлік коммуникациялар қызметіне сүйене отырып хабарлайды.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалы және облыстық Халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен әдеби кешке Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нұрдәулет Ақыш, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Ақылбек Шахмет, Т.Досымов атындағы қордың директоры, ақын Бижан Қалмағамбетов сынды мәдениет және өнер майталмандары қатысты.
Іс-шарада Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әділ Жоламанов ақынды еске алып, қазақ мәдениетіндегі орнын атап өтті.
– Осы шараға елімізге белігілі тұлғалардың қатысып отырғанының өзі — ағамызға деген құрметтің, шығармашылығына деген ізеттің белгісі. Бәріміз білетіндей, Қойшығұл Жылқышиев қазақ мәдениетіндегі біртуар тұлға, әрі мәдениет саласында өзіндік орны бар өз ісінің шебері. Оның өзінің туған өлкесі Атырау өңірінде қызмет етіп, еңбек жылдарын өткеруі біз үшін мақтаныш. Біз Қойшұғыл ағамыздың қасында жүріп, көптеген тәлім-тәрбие алғанбыз. Бүгінде Атырау мәдениетінің жоғары деңгейге көтерілуінде ағамыздың жарқын қолтаңбасы бар деп айта аламыз, – деді Ә.Жоламанов.
Кеште Қ.Жылқышиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетіліп, ақынның өлеңдері оқылады. Сондай-ақ, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілерінің қатысуымен автордың сөзіне жазылған «Бақыт құсы», «Сұрша қыз», «Ренжітпеші», «Дендертау» секілді әндері орындалды.
Айта кетейік, Қойшығұл Жылқышиев – «Тұңғыш», «Мұңкітап», «Асаукер» жыр кітаптарының авторы. М.Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалары үшін Қазақстан Журналистер одағының А.Байтұрсынов атындағы сыйлығын иеленген. «Тамаша» ойын-сауық отауын ашқаны тұлғалардың бірі. Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.