Әлеумет - 14.11.2023

Мал шаруашылығы озық технологиялардың ғылыми әдістемесіне көшіріледі

Қазақстанда мал шаруашылығын дамытудың мемлекеттік саясаты әлемнің озық технологияларының ғылыми әдістеріне көшіріледі. Ең үздіктерінің қатарында – Аустралия әдісі. Ол әлемнің ең ірі экспорттаушысы және қой етінің жаһандық топ-өндірушілерінің бестігіне кіреді. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.

Қазақстандағы мал шаруашылығын дамытудың міндеттері, проблемалары мен перспективаларын Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстандағы ірі мал және ет өндірушілермен Үкіметте өткен кеңесте талқылады.

«Атамекен-Агро» ЖШС Басқарма Төрағасы Кинталь Исламов жақында Австралияға мал өндірушілердің фермаларына барған сапарындағы алған әсерімен бөлісті.

– Мен қатты таң қалдым, – деп мәлімдеді Кинталь Исламов. – Бірінші кезекте мені мал ұстаудың тазалығы мен тәртібі таң қалдырды. Процестің жоғары технологиялылығы, құрастырылған логистика, оны қолданатын жабдық, азық беру тәртібі, қалдықтарды кәдеге жарату сияқты барлық процеске деген көзқарастың өзі мүлдем басқаша. Мұндай өндірісті құру үшін көп қаржы қажет. Ал бізге әрқашан жетіспейді, үнемдегіміз келеді. Оған қоса тез салмақ жинайтын мал басы жеткілікті болуы қажет. Біз аграрлық секторды әрдайым сынаймыз, бірақ бұл тұтастай алғанда капиталды көп қажет ететін өндіріс екенін түсінуіміз керек. Жалпы, бұл перспективалы бағыт деп есептеймін, бірақ кәсіби көзқарасты талап етеді.

Статистика мәліметтері көрсеткендей, жалпы мал шаруашылығы саласы Қазақстанда тұрақты қарқынмен дамып келеді. Соңғы 5 жылда шаруашылықтардың барлық санаттарында сиыр етін өндіру 56 мың тоннаға немесе 11,7%-ға артты (2018 жылғы 477,4 мың тоннадан 2022 жылы 533,2 мың тоннаға дейін). Нәтижесінде бүгінгі таңда сиыр етімен қамтамасыз ету 102%-ды құрайды.

– Етті мал шаруашылығын субсидиялау бағдарламасы сатып алу мен асыл тұқымды селекциялық жұмыстан бастап, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына тапсыруға дейінгі барлық өндірістік циклді қамтиды. Сондай-ақ, қуаты тәулігіне 1500 бас сиыр етін өңдеуге жететін кәсіпорындардың етті дайындау құны субсидияланады, – деп хабарлады кеңесте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Бүгінде елдің ішкі нарығы етпен толық қамтамасыз етілгенін ескерсек, саланың одан әрі дамуы экспортпен байланысты. Бұл салада шешуді талап ететін мәселелер аз емес.

– Бұл мал шаруашылығы кәсіпорындарының көпшілігінің ұсақ тауарлығы мен технологиялық артта қалуы, ірі қара малды азықтандырудың толыққанды рационының сақталмауы. Соңында бұл өнімділікке әсер етеді және сойылған еттің салмағы орташа есеппен 176 келіден аспайды, – деді Аманғали Бердалин.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі үш жылдық кезеңге арналған етті мал шаруашылығын дамытудың жол картасын әзірлеуде. Құжатқа экспортқа бағдарланған заманауи ет комбинаттарын, малдың орташа тәуліктік өсуін арттыруға және жоғары салмақ кондициясына қол жеткізу кезеңін қысқартуға ықпал ететін заманауи технологияларды пайдалану негізінде ірі қара мал өсіретін бордақылау алаңдарын құру шараларын енгізу жоспарлануда.

Жиында фермерлер мал шаруашылығын дамыту бойынша өз жоспарлары мен ұсыныстарын айтты. Мысалы, «Нұрым Топ» ЖШС мен «Қайып Ата» ЖШС құрылтайшысы Сырым Ертаев Түркістан облысында 25 мың басқа арналған бордақылау алаңын дайындап жатқанын, сонымен қатар 4,5 мың гектар суармалы жерді игеру жоспарында барын айтты. Бизнес-жоспар мен қажетті құжаттары да дайын. «Қарасу-Астық» инвестициялық жобасының жетекшісі Талғат Малаев мал басын көбейту жоспарлары туралы айтып берді.

– Жем-шөп базасы, оны дайындауға арналған техника, бір уақытта 3000 бас малды бордақылауға болатын алаңы бар, оның ішінде аналық мал басы — 1800 бас. Мал бордақылау алаңын 10 000 басқа дейін ұлғайтуды, ет комбинатын жаңғыртуды, өнімді терең өңдеу технологиясын енгізуді және асыл тұқымды репродукторды 7000 басқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Оған қоса «жасыл» технология – биогазды дамытуға болады, – деді ол.

«ZHERSU» инвестициялық-өнеркәсіптік корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы және «Архарлы-Майбурек» және «Каинды» жобаларының үйлестірушісі Ілияс Жананов 7000 аналық мал басқа, көбінесе Абердин-ангус пен Герефорд тұқымдарына арналған репродукторды 10 мың басқа дейін жеткізуді және 2000 гектар жерге суару жүйесін орнатуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, жиын барысында ветеринария жүйесін реформалау және экспорттық нарықтарды ашу, мемлекетке қайтарылған жерлерді әділ бөлу қажеттілігі туралы ұсыныстар айтылды.

– Біз дамыған елдердің озық тәжірибесін енгізуге және сол арқылы Қазақстанда ет өндірісін арзандатуға дайын адамдарды қолдайтын боламыз. Пилоттық жобаларда жаңа әдістерді сынақтан өткіземіз, – деді кеңесті қорытындылаған Серік Жұманғарин.

Қазір бізге ауқымды бағдарламалар емес, кейін ел бойынша көбейтуге болатын табысты модельдер қажет. Бірақ қатысуға рұқсат беретін әрбір жоба өңірлерде, «Атамекен» ҰКП-да қаржылық тұрақтылық, іскерлік бедел, қаржы институттарының барлық талаптарына және басқа да параметрлерге сәйкестігі тұрғысынан мұқият тексеруден өтеді.