Қызылқоға және Исатай әкімдерін халық сайлады
5 қарашада өткен Қызылқоға мен Исатай аудандарының әкімін сайлау қорытындысы шықты, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО AtPress.kz сайтына сілетеме жасап.
Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, ауданда 18 614 сайлаушының 10 653-і дауыс берген. Сайлауда үш үміткер бақ сынады. Мағжан Жексенов 892, Сәндібек Салықов 1 137 жинаса, ауданның қазіргі әкімі Қанат Әзмұханов 8 556 дауыспен айқын басымдықпен жеңіске жетті. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 56.
Қанат Қадыржанұлы 1981 жылы туған, Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тұрғыны.
Ал Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, мұнда сайлаушылар тізіміне 15 883 азамат енгізілген. Дауыс беруге 8 675 сайлаушы қатысқан. Сайлауға түскен үш кандидаттың ішінде Асылан Ғұбаш 1 327, Рашид Мұқанов 2 295 дауысқа ие болса, Нұрым Мусин 4 934 дауыспен аудан әкімі болып сайланды. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 35.
Нұрым Бекежанұлы 1980 жылы туған, Исатай аудандық мәслихатының төрағасы, Исатай ауданы Аққыстау ауылының тұрғыны.