Мақат ауданында жол белгілері орнатылып жатыр
Мақат ауданында жол белгілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аудан елді мекендеріне қажетті жол белгілерін, жасанды жол кедергілерін орнатуға және жаяу жүргіншілер жолағын сызуға мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланған болатын. Оның нәтижесінде Доссор кентінде жұмыстарды жүргізу үшін «Тау Билдингс» ЖШС, ал Мақат кенті мен Бәйгетөбе ауылдық округі бойынша «СемЗемКонсалтинг» ЖШС жеңімпаз атанды.
— Бүгінде мердігерлер жол белгілерін оқушылар көп өтетін орындар мен мектеп жанына және көлік көп жүретін көшелерге орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Яғни, «Жаяу жүргінші өткелі», «Балалар», «Жылдамдықты шектеу» және жаяу жүргінші өткелінің екі жағынан жасанды кедергі қойылып, «зебра» көлденең сызбасы сызылуда, — деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Темірбек Іңірбай.
Сондай-ақ ол жасанды жол кедергілерінің салынуы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін екендігін айтып, автокөлік жүргізушілерін түсіністікпен қарауға шақырды.
Жалпы аталған жұмыстар барысында Доссор кентінде 32 жол учаскесіне, Мақат кентінде 53 жол учаскесіне жол белгілері қойылып, жаяу жүргіншілер жолағы сызылуы тиіс.
Айта кетейік, бұл жұмыстар қазан айының соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.