Атырауда 102,6 млн. теңге бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған
Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысында «Арт Спорт» жобасы шеңберінде мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жүзеге асуына байланысты бірқатар іс-шара ұйымдастырылғаны айтылды. Сонымен қатар, қала және ауданның Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдеріне бөлінген бюджет қаражатына мемлекеттік аудит жүргізудің қорытындысы қаралды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Ләззат Аккажиева баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жүргізілген аудит нәтижесінде 426,5 млн. теңгенің бұзушылықтары анықталып, оның ішінде қаржылық бұзушылық 6,5 млн. теңге және тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты 317,2 млн. теңгені құраған. Сонымен қатар тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты — 102,6 млн. теңге. Оған қоса, 147 рәсімдік сипаттағы бұзушылыққа жол берілген.
— Анықталған бұзушылықтар бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына кері әсерін тигізген. Атап айтсақ, Бюджет кодексінің, Еңбек кодексінің, Мемлекеттiк сатып алу заңының, сонымен қатар, бірқатар қағиданың бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларының талаптарын жеткілікті деңгейде басшылыққа алмау салдарынан болып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік шығармашылық тапсырыстар негізінде жүзеге асырылған шығармашылық үйірмелер талапқа сәйкес емес ғимараттарда орналасқаны анықталды. Олар кеңсе, техникалық қызмет көрсету және бизнес орталықтарында, дәріхана, цокольді үй-жайларда, «Сарайшық» коммуналдық базарының әкімшілік ғимаратында және т.б. орналасқан,-деді Л.Аккажиева.
Оның айтуынша, бұдан бөлек 2,1 млн. теңге көлеміндегі халық шығармашылығын, этно-мәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтау, насихаттау жұмыстары үшін берілетін 35% қосымша ақы негізсіз төленген.