Ж.Бисембиев: Жайықтың орташа жылдық ағыны 2 есеге төмендеді
Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен Атырау облысындағы экологиялық ахуалдың жай-күйі тақырыбында көшпелі отырыс өтті.
Алдымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев өңірдегі экологиялық жағдай туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, экологиялық мәселелерді шешу бағытында жасалған жол картасына 22 іс-шара енгізілген. Бұл ретте облыста «Тухлая балка» кәріздік суларының булану алаңын, «АМӨЗ» ЖШС-інің булану алаңы бөліктерін, «Квадрат» булану алаңын, қаланың оң жақ бөлігіндегі кәріздік тазарту ғимаратын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Өз сөзінде Ж.Бисембиев Жайық өзені мен Каспий теңізінің жағдайына тоқталып, бірқатар ұсыныс берді.
— Облыс көлемінде Жайықты оңалту бойынша түп тереңдету және жағалау бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Алайда Жайық өзенінің соңғы үш жылда арналары тайыздалып, тартылып, экологиялық зардап шегу алдында тұр. Өзеннің орташа көпжылдық ағынының қалыпты көлемі 9,46–дан 2022 жылы орташа жылдық ағыны 4,93 текше км-ге, яғни 2 есеге төмендеді. Осыған орай, бірінші кезекте өзеннің су ағынын ұлғайту қажет етіледі. Ол үшін Жайық өзенінің жоғары жағында орналасқан су қоймаларынан төмен қарай су жіберу көлемін арттыру, оның ағысын үйлестіру (синхронизация) мәселелеріне және өзеннің ғылыми-зерделеу жұмыстарын ұйымдастыруды, Экология, табиғи ресурстар министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі ерекше назар аударуды қажет деп есептеймін. Соңғы жылдары Каспий теңізінің фондық деңгейі 2 м-ге төмендеп, жағалаудан 25-30 шақырымға қашықтады, орны тұзды құмдарға айналу қаупі туындап отыр. Бұл ретте Экология және табиғи ресурстар министрлігімен «Ақ Жайық» резерватының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту үшін тиісті деңгейде қаржы бөлінуін қажет етеді. Сонымен қатар, Каспий теңізінің тартылу себебін анықтау бағытында жоғарыда атап өткен Министрліктер шұғыл ғылыми-зерделеу жұмыстарын жүргізуді және жағалаудағы тұзды шаңға тосқауыл қою үшін нақты бағдарламалар жасауы керек деп есептейміз,-деді Ж.Бисембиев.
Көшпелі отырыста облыс әкімінің орынбасары Құрманғазы ауданында өсетін «Қызыл кітапқа» енген лотос гүлін арнайы қорғау шараларын қабылдап, «Ақ жайық» резерватына аталған гүлдің аумағын қосымша қорғау құзыретін беру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ облыста ҚР Қызыл кітабына енген өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлері, яғни, киік, үстірт арқары, дала бүркіті, үкі, паллас әбжыланы, Шренк қызғалдағы кездесетін аймақта көмірсутегі шикізаты бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың болуымен мәселе туындағанын айтып, өңірде «Солтүстік Үстірт» мемлекеттік табиғи қорық паркін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Отырыста ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев облыстағы ауа бассейнінің ластануының негізгі үлесі (85%-дан астамы) мұнай-газ өндіру және мұнай өңдеу шаруашылық қызметімен айналысатын кәсіпорындарға тиесілі екенін мәлім етті. Десе де 2023 пен 2022 жылғы деректерді салыстырғанда эмиссиялардың көлемі 52,793 мың тоннаға азайғаны байқалған.
— Оның себебі – жанатын отын көлемінің азаюы, алауда (факелда) жағылатын газдың азаюы, жылыту пештерін жөндеу және газ беруді шектеу. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамаларын сақтау бойынша 24 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді.Тексерулер нәтижесімен Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын 33 бұзушылығы анықталып, анықталған заңбұзушылықтарға қатысты 88 әкімшілік іс қозғалып, жалпы көлемі 11, 039 млрд. теңгеге айыппұлдар салынды. Қазіргі уақытта экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі жол картасы жоспарлы орындалып жатыр. Дегенмен Атырау қаласында орналасқан барлық канализациялардағы сорғы станцияларын қалпына келтіру, Құрманғазы, Махамбет және Жылыой аудандарында ағынды суларды алдын ала тазартуды қамтамасыз ету үшін канализация-тазарту қондырғысын салу сынды өзге де мәселелер бар,-деді М.Ошурбаев.