Атыраулық полицейлер 4 жыл құжатсыз жүрген шетелдікті ұстады.
Атырауда 2-8 қазан аралығында «Заңсыз келуші-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды «Батыс-Инфо»
Басты мақсат — қоғамдық тәртіпті сақтау, сот шешімін орындамаған шетелдіктерді анықтау, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын көші-қон заңнамасын бұзу фактілерінің алдын-алу, жолын кесу.
Атырау қаласы Полиция басқармасының №6 учаскелік полиция бекетінің инспекторлары әкімшілік аумақты тексеру кезінде, 2019 жылдан бері құжатсыз жүрген 1990 ж.т. Өзбекстан Республикасының азаматын анықтаған.
Шетелдік Қазақстанға төрт жыл бұрын еңбек етуге келгенін және құжаттарын белгісіз себептермен жоғалтып алғанын айтқан. Алайда, құжаттарын іздеуге немесе жаңалауға жұмыстанбаған.
Атыраулық полицейлер 34 жастағы шетелдікті қабылдау-тарату орнына орналастырды.