Теңіз кенішіндегі нысанға майталман мұнайшы Бөлекбай Сағынғалиевтің есімі берілді
Теңіздегі кенішті пайдалану бөлімінің жаңа кеңсесіне кен орнын тұңғыш ашушылардың бірі, Қазақстанға белгілі мұнайшы, қазақ мұнайының маршалы Бөлекбай Сағынғалиевтің есімі берілді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Кеңішті пайлану бөлімінің кеңсесі — Теңіз және Королев кен орындарының «жүрегі» болып саналады. Яғни, бұл жерде кен орындарындағы мұнай өндірісі басқарылады. Осындай маңызды ғимаратқа Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшы есімін беруі тектен тек емес. Бөлекбай Сағынғалиев өзінің әріптестері Мақаш Балғымбаев, Орынғазы Есқазиев, Болат Еламанов, Жолдасқали Досмұхамбетов, Құмар Балжанов, Асабай Қисметовтармен бірге Теңіз кенішін ашқан. Осылайша мұнайшылардың тәжірибесі мен білімінің, қажымас еңбегінің нәтижесінде қазіргі таңда еліміздің мұнай өндірісінің 30 пайызын құрайтын әлемдік деңгейдегі алып мұнай-газ кен алаңы ашылды.
— Қазақ мұнайының маршалы саналатын Бөлекбай Сағынғалиұлының есімі өзі еңбек еткен Теңіз кен орнында тағы бір мәрте ұлықталып жатыр. Сол кездегі КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы Николай Байбаков Бөлекбай Сағынғалиевке «Сіз нағыз патриотсыз, өз ісінің фанаты, майталманысыз. Өзінің халқын сүйетін, жерін сүйетін және оның байлықтарын мақтан тұтатын адам нақ сіз сияқты болуы тиіс» деген болатын. Ұжымымыз осы сөзбен толық келіседі және осындай ұлы тұлғаның есімі өскелең жас мұнайшылардың естеріңде мәңгі қалуы үшін кен орнындағы басты кеңселердің біріне оның есімін беру туралы шешім қабылданды, — деді ТШО компаниясының Мұнай өндіру және экспорт бөлімінің өндіріс басшысы Серік Омаров.
Саналы ғұмырын Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға жұмсаған Бөлекбай Сағынғалиевтің атына маңызды әкімшілік кеңсе беру туралы шешімді ТШО басшылығы қабылдаған болатын. Сондай-ақ, кеңсе алдына Бөлекбай Сағынғалиұлы туралы ақпараттық стелла орналастырылды.
— Әкеміздің есімі Теңіз тарихында алтын әріптермен жазылып, ұмытылмай, ұлықталып жатыр. Осы сәтті көргеніміз үшін қуаныштымыз және әкеміздің есімін ұмытпай, өте маңызды кеңсеге есімін берген «Теңізшевройл» ЖШС басшылығына алғысымыз шексіз, — деді Б.Сағынғалиевтің ұлы Асқар Сағынғалиев.
Әлемдегі ең терең және ірі мұнай кеніштерінің бірі болып саналатын Теңіз мұнай кеніші 1979 жылы ашылған болатын. Теңіз коллекторының жалпы барланған қоры 3,1 миллиард тонна (25 миллиард баррель), ал Королев кен алаңында 200 миллион тонна (1,6 миллиард баррель) мұнайды құрайды. 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында шикі мұнай өндіру көлемі 14,9 миллион тоннаны (118,9 миллион баррель) құрады.
Айта кетейік, Бөлекбай Сағынғалиев 1927 жылы Атырау облысы (бұрынғы Гурьев), Мақат ауданы, Доссор ауылында дүниеге келген. Ол өзінің жарты ғасырдан астам еңбек жолын Ұлы Отан соғысы кезінде, яғни 1944 жылы аудандық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, «Қазмұнайбарлау» тресінде тексеруші-бақылаушы қызметтерінен бастайды. Кейін И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын тәмамдап, бүкіл өмірін мұнай саласына арнаған.